Түркістан облысында 115 мың бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін. Себебі өңірде жекеменшік балабақшалардағы жан басына төленетін қаржы жеткіліксіз.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтің айтуынша, мыңнан астам жекеменшік бақша жабылудың алдында тұр. Білім және ғылым министрілігінің бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлерде бала басына 41 мың, ал қалада 37 мың теңгеден төленуі тиіс. Алайда өңірде бұл сомма 25 мың теңгеден аспай отыр. Әрі мемлекеттің балабақша құрылтайшылары алдындағы қарызы биылдың өзінде 26 млрд теңгеге жеткен. Кәсіпкерлердің арасында 3 жылдан бері өзіне тиесілі қаржысын толық ала алмай жүргендері бар. Сондықтан жауапты орган басшылары үкіметтен қолдау сұрап отыр.
Ардақ Садықова, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
– Жаңа методикаға сәйкес, біз үстіндегі қосылған үстемақыны республикалқ бюджеттен сұрап отырмыз. Өйткені, бюджеттік кодексте айтылған. Егерде жоғарғы тұрған орган үстемақыны ұлғайтып жатса, сол қаржы республикалық бюджеттен беріледі деген. Сондықтан біз бюджеттік кодекске сүйене отырып, тиісті қаражатты республикалық бюджеттен сұрап отырмыз. Бірақ қаржы министрлігі әлі шешім қабылдаған жоқ. Ол да республикалық бюджет тапшылығына сілеп отыр.
Тимур Нақыпбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
– Бұл мемлекетпен жеке бизнестің арасындағы әріптестік келісім. Яғни, мемлекет тарапынан осы қаражаттар төленеді деп, барлық нормативті құжаттар, методикалар бекітілгендіктен, қазіргі мынау төлемей жатқан қаражаттың есебі мемлекеттік кінесі. Сол себепті төлемей жатыр. Жүз пайыз бюджеттің міндеттемелері мемлекет тарапынан орындалмай отыр.